ҚР ДСМ Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының эпидемиологиялық мониторинг бөлімінің меңгерушісі Л.Ганинаның вакцинация қажеттілігі мен пайдасы туралы ой-пікірі

 

Шілде 10, 2020

Кез келген жұқпалы ауруды емдеуден гөрі алдын алу оңай. Әсіресе, бұл гепатит, полиомиелит, туберкулез, дифтерия, сіреспе сияқты басқа да ауыр жұқпалы ауруларға қатысты. Қазіргі медицинада жүре пайда болатын белсенді иммунитет қалыптастырудың негізгі әдісі вакцинация (иммундық профилактика) болып табылады. Вакцинацияның басты артықшылығы іс жүзінде дәлелденген жұқпалы аурулардан қорғану болып табылады.

Иммундық профилактика - адамзаттың ең үлкен жетістіктерінің бірі. Бұл –адамзат популяциясында әртүрлі жұқпалы процестердің пайда болуы мен таралуының алдын алуға бағытталған іс-шаралардың тұтас кешені.

Қазіргі таңда өмірінде ешқашан егілмеген адамды сирек кездестіресіз. Еліміздің тұрғындары Қазақстан Республикасының Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес ерте жастан бастап екпе алады. Бұл күнтізбе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) барлық ұсынымдарына сәйкес келеді. Профилактикалық егу күнтізбесін толық орындау нәтижесінде жасөспірім кезеңі аяқталған кезде адам белгілі бір жұқпалы аурулардан сенімді түрде қорғанады. Вакцинация болмаған жағдайда нақты қоздырғышқа сезімталдық қалыптаспайды да, балалардың көпшілігі, вирус пайда болған кезде ауырып қалады, өйткені бұл микробқа немесе вирусқа арнайы антиденелері болмайды. Қандай да бір жұқпалы ауруға иммунитеті неғұрлым көп болса, қалғандарының (егілмеген) ауырып қалу ықтималдығы соғұрлым аз болады және індеттің пайда болу ықтималдығы да аз болады. Ұжымдық иммунитет деп аталатын иммунитет қалыптасады. Халықтың 85-95% - ы егілетін болса қалыптасады.

Егу материалының құрамына өлген немесе қатты әлсіреген микроорганизмдер не олардың компоненттері (бөліктері) кіреді. Вакцина құрамына кіретін заттар толық ауруды тудыруға  қабілетсіз, бірақ иммунитетке микробтарға тән белгілерді есте сақтауға және осы қоздырғышпен кездескен кезде оны тез анықтауға және жоюға мүмкіндік береді. Вакцинациямен басқарылатын кез келген инфекцияға (қызылша, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия және т.б.) қарсы егілетін адам мүлдем ауырмайды, ал егер сырқаттанып калса да, ауру жеңіл түрде өтеді.

         Вакцинация көмегімен кейбір жұқпалы аурулармен сырқаттанушылықты төмендетуге қол жеткізуге болады. Кейде табиғи шешек сияқты аурулардың толық жойылуына мүмкіндік болады. Эпидемиялық паротит, қызамық, көкжөтел, дифтерия аурулары және тиісінше олардың асқынулары күрт төмендеді. Мұның бәрі халықтың 90% -ы осы инфекцияларға қарсы егілгендіктен болып отырған жайт.

 

Ал полиомиелит? Полиомиелиттен кейін қаншама адам мүгедек болып қалуы мүмкін? Ал қарапайым вакцинация адам өмірін құтқарып қалатындығын айтпағанның өзінде, көптеген адамды мүгедектіктен құтқарады. Полиомиелит ауруы, яғни балалардың сал болып қалуы 98%  жағдайда мүгедектікке әкеледі, ал полиомиелит вакцинасын алатын бір миллион балаға шаққанда, сылбыр сал ауруы екі жағдайға сәйкес келуі мүмкін және де тиісті ем алған жағдайда салдары болмайды. ДДҰ деректері бойынша, вакцинацияның арқасында полиомиелит сырқаттанушылығы 99% -ға төмендеді. Жоғарыда аталған аурулар қазір сирек кездеседі, өйткені адамдардың басым көпшілігі егілгендіктен ғана сондай жетістікке жетіп отыр.

Вакциналар қауіпсіз және олардың жанама әсерлері алдын алуға арналған аурулармен салыстырғанда едәуір ғана. Мысалы, көкжөтелге қарсы вакцина көбінесе балаларға аздаған температура реакциясын береді, ал көкжөтел ауруы кезінде қатты жөтелгенде ұстамалары алты айға жуық баланы қинайды. Жөтелмен бірге көбінесе апноэ болады, яғни тыныс алудың тоқтауы, бұл өлімге әкелуі мүмкін.

В гепатиті өлімге көп әкелетін инфекциялардың алғашқы ондығына кіреді. Жыл сайын әлемде "В" жіті гепатитінің 4 млн. жағдайы және бауыр циррозынан немесе бауыр обырынан болатын 1 млн. -ға жуық өлім-жітім жағдайы тіркеледі. Қазақстанда "В" вирусты гепатитіне қарсы вакцинация 1998 жылы енгізілді. Соңғы 20 жылда елімізде сырқаттанушылық деңгейі 23,7 есеге, ал балалар арасында 52 есеге төмендеді, деп хабарлайды ҚР ДСМ баспасөз қызметі.

Туберкулезге иммунитет тұқым қуалау арқылы берілмейтіні анықталды, ал осы ауру бойынша эпидемиологиялық ахуал өте маңызды, сондықтан оған қарсы егу алғашқылардың бірі ретінде салынады. Екпе жасалған бала белгілі бір кезеңге иммунитет алады. Вакцина салғаннан кейін біраз уақыттан соң антиденелер түзіле бастайды және науқастармен байланыста болған кезде олар белсенді болып, қорғайды. Егілген адам жұқтыру жағдайында аурумен жеңіл түрде ауырады және асқыну болмайды. Туберкулез - ауыр емделетін сырқат екенін есте сақтау керек, адамдар айтарлықтай ұзақ емделеді.

           Соңғы уақытта Қазақстанда ғана емес, Еуропада да, Ресейде де қызылшаның өршуі байқалады. Әсіресе қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар мен ересектер арасында сырқаттанғандар көп. Қызылша ауа-тамшы арқылы жұғады және пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулар болуы мүмкін, олар медициналық көмекке кеш жүгініп, ауыр қосалқы аурулары болған жағдайда өлімге әкелуі мүмкін.

АИТВ жаһандық қоғамдық денсаулық сақтаудың негізгі проблемаларының бірі болып отыр: қазіргі таңда әлемде бұл вирус өткен ғасырдың 80-жылдарынан бастап 35 миллионнан астам адамның өмірін жалмады. Алайда профилактиканың, диагностиканың және емдеудің тиімді құралдарына қолжетімділікті кеңейту арқасында АИТВ-инфекциясы емдеуге жататын созылмалы аурулар санатына көшті, ал АИТВ-мен ауыратын адамдар бірнеше ондаған жыл өмір сүре алады және аталған инфекциядан емес, организмі табиғи тұрғыдан қартайып, қайтыс болады. Бірақ дәрі-дәрмектерді өмір бойы қабылдау ұзақтығы, препараттардың қымбаттылығы және ауруды емдеу мүмкін еместігі осы саладағы зерттеулердің басым бағыты - профилактикалық вакцинаны жасау болып табылады.

35 жылдан астам уақыт бойы бүкіл әлем ғалымдары АИТВ-ға қарсы вакцинаның пайда болуына күш жұмсады. Оның жасалуы нағыз серпіліс болады, бұл аурудың таралуын тоқтатуға және әлемдегі миллиондаған адамның денсаулығын сақтауға мүмкіндік береді. Емдеу тиімділігін арттыруға қарамастан, қазірге дейін осы нәубетті жеңудің басқа жолы табылмай жатыр. Жыл сайын әлемде қайтадан ауру жұқтырған 1,7 миллионға жуық жағдай тіркеледі. Қазіргі қолданыстағы вакцина пайда болған күн тумайынша және сол сағат келмейінше, ауру жұқтыруды болдырмау үшін барлығы басқа да алдын алу шараларын қатаң сақтауы қажет.

Қазіргі уақытта С гепатиті ең ауыр аурулардың бірі болып саналады. Бір жыл ішінде әлемде ауру жұқтырған жастар саны 3-4 миллионға артып келеді. Ал көптеген адамдар тексеруден өтпейді немесе медициналық көмекке жүгінбейді, сондықтан вирусты С гепатитін жұқтырғандар саны әлдеқайда көп. АИТВ инфекциясы сияқты С гепатиті созылмалы түрде өтеді және ем болмаған кезде науқастың өліміне әкелуі мүмкін. Өкінішке орай, С гепатитіне қарсы вакциналар әзірге жоқ, бірақ оны әзірлеу – әлемдік медицинада тұрған маңызды міндет және миллиондаған адамды құтқаратын жол.

            Қазақстанда Мәжіліс барлық екпелерді екі санатқа бөлу жоспарланып отырған заң жобасын мақұлдады: міндетті және ерікті. Міндетті екпелерге жоспарлы профилактикалық егу және эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша профилактикалық егу жатады. Жоспарлы профилактикалық егуге қарсы міндетті профилактикалық егу жүргізілетін, медициналық қарсы көрсетімдері жоқ аурулар тізбесіне сәйкес жасқа жеткен адамдар жатады. Профилактикалық егуді жүргізу алдында медицина қызметкері егілетін адамды тексеріп-қарайды, профилактикалық егу, мүмкін болатын қолайсыз көріністер және одан бас тарту салдары туралы толық және объективті ақпарат береді. Барлық міндетті екпелер бюджет қаражаты есебінен тегін жасалады.

Кез келген вакцина мүлдем қауіпсіз болуы мүмкін емес. Дәрігер вакцинадан кейінгі асқынулар туралы әрқайсысына ескертуге міндетті. Олар өте аз, бірақ сонда да болады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша соңғы бес жылда вакцинацияның жанама әсері бар шамамен 85 жағдай тіркелді және "олардың тек екеуі ғана өте ауыр жағдайға жатқызылды". Оның біреуі расталмады, екіншісінде тері асты абсцесс болды. Қазақстанда вакцинадан бес жыл ішінде де, он жыл ішінде да бірде-бір өлім жағдайы тіркелген жоқ, ата-анасынан немесе медицина қызметкерлерінен вакцинадан асқыну туралы ресми өтініш болған жоқ. Қалған жағдайлар - негізінен кез келген дәріні салғанда болатын тері реакциялары. Тәжірибе көрсеткендей, екпеден болатын қауіп-қатер аурудан қорғайтын күштерге қарағанда өте төмен. Эпидемиологтардың пікірінше, көптеген адамдардың екпеден бас тартуы бұрын ұмытылған аурулардың көбеюіне алып келеді.

Иммундық профилактикаға қатысты іс-әрекеттерді үйлестіруді Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы жүргізеді. ДДҰ-ның есептеуі  бойынша, иммундау жыл сайын 2 миллионнан 3 миллионға дейін өлімнің алдын алуға мүмкіндік береді. Бұл – халықтың ең қиын және осал топтары үшін тіпті иммундауға қолжетімділікті қамтамасыз ететін тексерілген стратегиясы бар денсаулық сақтау саласындағы инвестиция түрлерінің құны тұрғысынан ең тиімді түрлерінің бірі.

Қазіргі кезде, өкінішке орай, баланы екпеу сәнге айналып барады. Жоспарлы вакцинациядан бас тартқан жағдайда аурудың барлық ауырлығын және олардың салдарын түсіну қажет. Енді ойланыңыз да, екінің бірін таңдаңыз. Сіздің балаңыз ауыр сырқаттың нәтижесінде не болмаса вакцинациялау нәтижесінде өмір бойғы иммунитет ала алады. Таңдау өз қолыңызда. Вакцинациядан бас тартпас бұрын, бәрін "иә" және "жоқ" деп, ой таразысынан өткізіңіз. Деніңіз сау болсын!

барлық жаңалықтар »