ҚДИАҒО медицина қызметкерлері 400-ге жуық адамды карантиндік госпитальға қабылдады

 

Маусым 4, 2020

 

Қазақстанда COVID-19 пандемиясының алғашқы күнінен бастап ҚДИАҒО стационары базасында 70 төсектік карантиндік госпиталь ашылды. Онда 2020 жылдың 25 наурызынан бастап коронавирусты инфекцияға күдікті 368 адам стационарлық емдеу мен бақылаудан өтті.

Олардың арасында Алматы қаласында басқа елдерден келген адамдар болды.  Карантиндік госпиталь жұмысына ҚДИАҒО барлық ұжымы қатысты: әкімшілік, дәрігерлер, медбикелер, техникалық қызметкерлер. Барлық күш-жігерді медиктер әр пациенттің денсаулығы үшін күреске бағыттады.

- Біз, «Санкт-Петербург-Алматы» авиарейсінің жолаушылары карантиндік стационардың сауатты ұйымдастырылған жұмысы үшін ҚДИАҒО-ның барлық қызметкерлері мен медициналық қызметкерлеріне шын жүректен алғыс білдіреміз. Сіздерге көрсетілген қауіпсіздік (қорғаныс құралдары), жайлы болу (режим және тамақтану), мейірімділік, шыдамдылық, сезімталдық үшін рахмет. Дәрігерлер мен медбикелер карантиннің барлық ауыртпалықтарын туған-туысқандарынан жырақта бізбен бірге көтерді және арнайы киімнің ыңғайсыздығына қарамастан өз міндеттерін адал орындады. Сіздерге және Сіздердің отбасыларыңызға зор денсаулық, мол бақыт тілейміз.

Бұл пациенттердің пікірлерінің бірі ғана. Әр түрлі елдер мен қалалардан ондаған хаттар институттың медицина қызметкерлерінің атына сақталған денсаулығы, қамқорлығы мен кәсібилігі үшін алғыс сөздерімен келіп түсті.

Қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету басшылықтың басым міндеттерінің бірі болып табылады. Жұмыстың нақты ұйымдастырылуының: «таза» және «лас» аймақтарды дұрыс бөлу, медицина қызметкерлерін жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз ету, әмбебап сақтық шараларын қатаң сақтаудың арқасында карантиндік госпитальда жұмыс істеген ҚДИАҒО медицина қызметкерінің бірде біреуі СОVID-19 жұқтырған жоқ.

Елдің барлық ЖИТС және дерматовенерология қызметі COVID-19 пандемиясымен күреске қатысатынын атап өту қажет. Аймақтардағы қызметкерлер: дәрігер-эпидемиологтар, инфекционистер, дерматовенерологтар және орта медициналық персонал КВИ ошақтарында белсенді жұмыс істеуде. Мамандардың алған білімдері мен дағдылары облыстық жедел штабтардағы жұмыстан бастап жұқпалы, карантиндік госпитальдарға дейін, блокпост пен т.б. дейін - емдеу-алдын алу, эпидемияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру мен жүргізудің барлық деңгейлерінде қолданылуда.

СОVID-19 пандемиясы кезеңінде барлық өңірлерде ПТР диагностика бойынша жабдықталған зертханалар желісінің, сондай-ақ молекулалық биология саласындағы жоғары білікті кадрлардың болуы өте орынды болды.

- ЖИТС қызметінің зертханалары АИТВ-инфекциясын емдеу тиімділігінің ағымдағы клиникалық-зертханалық мониторингін қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар жоғары сапалы деңгейде КБИ диагностикасын ПТР жүргізуге қатысуда. КВИ-ға 15 мыңнан астам зерттеу елімізде ЖИТС қызметінің күшімен жүргізілді. COVID-19 диагностикалық ПТР үшін 50-ден астам маман дайындалды, - дейді ҚР ДСМ «ҚДИАҒО» директоры Бауыржан Байсеркин.

Қызметкерлердің көп бөлігін КВИ пандемиясына қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстарға іссапарға жіберуге қарамастан, ЖИТС орталықтарының негізгі қызметі бір де бір күнге тоқтатылмайды. Карантин кезінде АИТВ-инфекциясын үздіксіз емдеу, сондай-ақ уақтылы диагностика қамтамасыз етілген. Елімізде қажет болған жағдайда барып қан алу пункттері ұйымдастырылуда.

Белсенді жұмыс жалғасуда!

ҚДИАҒО осындай қиын кезеңдерде қолдау білдіргені үшін өз серіктестеріне алғыс айтады: ЖИТС-пен, туберкулезбен және безгекпен күреске арналған Жаһандық қор, ЮНЭЙДС, ДДҰ, ЮНИСЕФ, АИТВ-мен өмір сүретін қазақстандық адамдар Одағы, Колумбия университетінің Орталық Азиядағы ғаламдық денсаулықты зерттеу орталығы, CDC, ҚР Қызыл Жарты Ай Қоғамы.  

барлық жаңалықтар »